КЕЛЕСТЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ЕСЕП БЕРДІ

КЕЛЕСТЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГ ӘКІМДЕРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР БОЙЫНША ЕСЕП БЕРДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен ауыл және ауылдық округі әкімдерінің қатысуымен инвестициялық жобаларды іске асыру барысына арналған мәжіліс өтті.
Жиынды ашқан аудан әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңір әкімдерінің басты міндеті инвестиция тарту екенін атап, бұл бағыттағы жүйелі әрі нәтижелі жұмыс әкімдердің қызмет тиімділігін арттырып, өңір экономикасының дамуына оң әсер ететінін айтты.
– Бүгінгі таңда әрбір ауылдың әлеуетін тиімді пайдалану, нақты инвестициялық жобаларды іске асыру – басты міндет. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жандандырып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет, – деді Жәнібек Есенұлы.
Мәжілістің күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Атап айтқанда, ауылдық округтерде инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы және аудан көлемінде өндірістік парктер құру мүмкіндіктері талқыланды.
Ауыл және ауылдық округ әкімдері өз аумақтарында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, сұрақтарға жауап берді. Әр округ бойынша инвестициялық жобалардың жай-күйі, іске асу кезеңдері, кездесіп отырған түйткілді мәселелер мен алдағы жоспарлар баяндалды. Аудан әкімі бірқатар жобалар бойынша нақты тапсырмалар беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды.
Мәжіліс қорытындысы бойынша хаттама түзіліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынатыны айтылды. Сонымен қатар, аудан көлеміндегі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысы апта сайынғы аппараттық мәжілістің күн тәртібіне тұрақты түрде енгізілетін болады.