МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КЕЛЕСТЕ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ

МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ КЕЛЕСТЕ: ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТЫҢДАЛДЫ
Келес ауданының «Amanat» партиясы филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев пен аудан әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Қабылдауға мемлекеттік мекемелердің басшылары мен ауыл әкімдері де қатысып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуде тұрғындар ағын су тапшылығы, жолдарды жөндеу, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік көмек және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді. Егіншілер әсіресе су жетіспеуін айтып, каналдарды тазалау және су жеткізу жүйесін жаңарту қажет екенін жеткізді. Депутат Темір Қырықбаев кейбір мәселелердің тек аудан деңгейінде емес, республика деңгейінде шешілетінін атап өтті.
– Ағын су тапшылығы, су арналарының тозуы, жер қатынастарына қатысты өзекті сұрақтар — бұл тек бір ауданның проблемасы емес, бұл жалпы республикалық сипаттағы мәселе. Осы айтылған мәселелерді назарға алып, тиісті министрліктер мен уәкілетті мемлекеттік органдарға депутаттық сауал жолдаймын. Әрбір өтініш бақылауда болады, біз нәтижесін сіздерге жеткіземіз, - деді Мәжіліс депутаты.
Ал аудан әкімінің орынбасары жергілікті жерде шешуге болатын мәселелердің бақылауға алынатынын және жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілетінін айтты. Қабылдау соңында барлық өтініштер хаттамаға тіркеліп, әр мәселе бойынша заң аясында жұмыс жүргізілетін болды.