Келес ауданындағы «Saf» шаруашылық сабын өндірісі кәсіпорны шағын цех ретінде 2018 жылы Гүлсін Абдурахманова мен жолдасы Асылбек Есімхановтың бірлескен еңбегімен Абай ауылында ашылды. Бастапқыда шағын өндіріс болған бұл кәсіп бүгінде тұрмыстық химия өнімдерінің кең спектрін шығаратын деңгейге жетті. Өнімдері Қазақстан нарығына шығарылып қана қоймай, шетелдерге де экспортталуда.
Кәсіпорынның жұмысымен танысу үшін ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Али Бектаев, Мұрат Қадырбек және Әлішер Сатыбалдиев арнайы келді. Кәсіпорын қызметімен танысу барысында өндірістің даму барысы мен аудандағы кәсіпкерлікті қолдау шаралары жөнінде ақпарат берілді.
«Saf» өндірісінде өнім сапасы мен технологиялық процестерді Асылбек Есімханов қадағаласа, өндірісті ұйымдастыру, құжаттарды рәсімдеу және жұмыс үдерісінің тұрақтылығы Гүлсін Абдурахманованың тікелей бақылауында. Қазіргі таңда цехта 30 адам еңбек етуде. Кей кезеңдерде өнімге деген сұраныс айына 100 тоннаға дейін жетеді.
«Сабын өндірісін тақыр жерден бастадық. Бейнет пен ынтымақтың арқасында көптеген қиындықтарды еңсердік. Бүгінде кір сабынымыздың шикізатын өзге кәсіпорындар да сатып алуда. Бұл – үлкен жетістік. Бәсекеге қабілетті болу үшін даму мен ізденісті тоқтатпау қажет», – дейді кәсіпорын теңқұрылтайшысы Гүлсін Абдурахманова.
Кәсіпорынның табысты дамуы Келес ауданында шағын және орта бизнесті дамыту, отандық өнімдерді қолдау бағытында үлгі болып отыр. Өнімдер тек дәстүрлі сауда орындарында ғана емес, отандық және шетелдік маркетплейстер арқылы да сатылуда.
Кездесу барысында Сенат депутаттары өнім сапасына және өндірістік процестің тиімділігіне жоғары баға беріп, кәсіпкерлерге индустриалдық аймақ аумағында өндірісті кеңейту және мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану жөнінде нақты кеңестер берді.