КЕЛЕС АУДАНЫ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ЖАРҚЫН ҚАРСЫ АЛДЫ
Келес аудандық мәдениет үйі алаңында жыл қорытындысына арналған дәстүрлі «Жыл үздігі – 2025» салтанатты шарасы өтіп, ол «Жарқыра жаңа жыл – 2026» атты кең ауқымды мерекелік концертке ұласты.
Кештің алғашқы бөлімінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениет, спорт және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев құттықтау сөз сөйлеп, жыл бойы табысты еңбек еткен үздік мамандарды марапаттады.
— Құрметті жерлестер! 2025 жыл ауданымыз үшін нәтижелі, берекелі жыл болды. Бұл жетістіктер – әрбір салада адал еңбек етіп жүрген азаматтардың еңбегінің жемісі. “Жыл үздігі” атанған барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын. Алдағы жылда да бірлесе еңбек етіп, жаңа табыстарға жетеміз деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар, Келес аудандық мәслихат төрағасы Нұржан Шаулиев те бірқатар азаматтарды марапаттап, жылы лебізін білдірді. Концерттік бағдарламада жергілікті өнерпаздар мен ВИА «Самғау» тобының орындауындағы әндер көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты марапаттау рәсімінен кейін кеш «Жарқыра жаңа жыл – 2026» мерекелік концертімен жалғасты. Сахна төрінде елімізге танымал және жергілікті әншілер өнер көрсетіп, көрермендермен ойындар ұйымдастырылды. Музыкалық қойылымдар мен интерактивті бағдарламалар мерекенің сәнін арттырды.
Түн ортасына таяу Мемлекет басшысының жаңа жылдық құттықтауы көрсетіліп, салтанатты от шашу ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары жаңа 2026 жылды ерекше қуанышпен қарсы алды.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі