КЕЛЕСТЕ АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ

КЕЛЕСТЕ АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ
КЕЛЕСТЕ АУЫЛ МЕДИЦИНАСЫ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛУДЕ
Келес ауданына қарасты Ошақты ауылдық округінің Атақоныс елді мекенінде жаңа медициналық пункт пайдалануға берілді. Ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысанның ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Есенұлы Ағыбаев арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа нысанның іске қосылуымен құттықтады.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауыл тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметпен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Бүгін пайдалануға беріліп отырған бұл медициналық пункт Атақоныс елді мекенінің халқы үшін үлкен игілік. Енді тұрғындар алғашқы медициналық көмекті өз ауылында, уақытылы әрі сапалы түрде ала алады. Бұл – халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған нақты қадам, – деп атап өтті аудан басшысы.
Сонымен қатар аудан әкімі құрылыс жұмыстарына атсалысқан мердігер мекеме мен сала мамандарына алғысын білдіріп, жаңа нысанның ауыл халқының игілігіне ұзақ жылдар қызмет ететініне сенім білдірді.
Бұл нысан Келес аудандық ауруханасының тапсырысы бойынша салынды. Құрылыс жұмыстарын «GGG Engineering LTD» серіктестігі жүргізді. Медицина пункті 0,15 гектар аумаққа салынған. Құрылыс 2025 жылдың мамыр айында басталып, бүгінгі таңда толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Айта кетейік, биыл Келес ауданында халықтың сұранысына сай барлығы 6 елді мекенде медициналық пункт салынды. Атап айтқанда, Қошқарата ауылдық округіне қарасты 1 Мамыр және Бесқұбыр елді мекендерінде, Біртілек ауылдық округінің Көлтоған және Игілік ауылдарында, Ұшқын ауылдық округінің Достық елді мекенінде жаңа медициналық пункттер пайдалануға берілді. Ал Ошақты ауылдық округінің Атақоныс елді мекеніндегі бұл медициналық пункт – биыл ашылған алтыншы нысан болып отыр.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі