БАЛАЛАР ҮШІН ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ҒАЖАЙЫП КЕШ
Келес ауданында балаларға арналған дәстүрлі Президенттік шырша мерекесі биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, балғындарға шаттық пен қуаныш сыйлады. Аудан орталығындағы өткен мерекелік шара «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» тақырыбымен ұйымдастырылып, балалардың жүрегіне жылу ұялатып, ұмытылмас әсер қалдырды.
Салтанатты кешке Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев, аудан әкімі аппаратының басшысы Бахтияр Абдрахманов, аудандық білім саласының басшылары, мектеп директорлары, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Шараның басты мақсаты – озат оқушыларды қолдау, олардың білімге деген құлшынысын арттыру болды. Мереке барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев құттықтау сөз сөйлеп, балаларға ақжарма тілегін жеткізді.
- Қымбатты балалар! Сіздерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер – еліміздің ертеңі, тәуелсіз Қазақстанның болашағысыздар. Бүгінгі мереке – еңбегімен, талантымен, білімге деген ынтасымен ерекшеленген оқушыларға көрсетілген құрмет. Алдағы уақытта да биік мақсат қойып, білім мен ғылымға ұмтылып, өздеріңізге сенімді болып өсулеріңізге тілектеспін. Жаңа жыл әрбір отбасына шаттық, мол ырыс пен береке әкелсін. Армандарыңыз орындалып, жетістіктерге толы жыл болсын, – деді аудан басшысы.
Салтанатты сәттердің бірі – Жаңа жылдық шырша шамдарын жағу рәсімі болды. Аудан әкімі мен үздік екі оқушының қатысуымен шырша шамдары жағылып, зал іші ерекше мерекелік көңіл-күйге бөленді. Періштелер флешмобы, сабынды көпіршіктер шоуы мен қызықты ойындар балалардың шаттығын еселей түсті.
Мерекелік концерттік бағдарламада жас өнерпаздардың орындауындағы әсерлі әндер мен көңілді билер ұсынылып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Шара соңында Аяз ата мен Ақшақар балаларға арнайы Жаңа жылдық сыйлықтарды табыстап, қуаныш сыйлады. Сыйлықтармен қатар сертификаттар мен мерекелік шарлар үлестірілді.
(с) Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі