КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ

КЕЛЕС АУДАНЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫ МӘСЛИХАТ СЕССИЯСЫНДА ТАЛҚЫЛАНДЫ
Келес аудандық мәслихатының кезекті отыз бірінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев төрағалық етті. Жиынға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Сессияның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, басқару тиімділігіне және алдағы жоспарларға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2026–2028 жылдарға арналған Келес ауданының бюджеті, ауданның ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен жер қатынастары бөлімінің бір жылда атқарған жұмыстары туралы есептер тыңдалды.
Сонымен қатар, Жамбыл, Бозай және Ошақты ауылдық округтері әкімдерінің өздеріне жүктелген қызметтер мен міндеттердің орындалуы жөніндегі есептері қаралып, тиісті бағалар берілді.
Сессия барысында Келес аудандық мәслихатының 2025 жылы атқарған жұмыстары туралы мәслихат төрағасының есебі, сондай-ақ тұрақты комиссиялардың жыл бойы жүргізген қызметтері талқыланды. Бұдан бөлек, 2026 жылға арналған аудандық мәслихаттың жұмыс жоспары бекітіліп, аумақтық сайлау комиссиясының шығып қалған мүшелерінің орнына жаңа мүшелерді сайлау мәселесі қаралды.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев күн тәртібіндегі мәселелердің аудан дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Барлық қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, алдағы жұмыс бағыттары айқындалды.
Сондай-ақ сессия барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси жұмыстарға және мемлекеттік қызмет саласындағы нәтижелі еңбегімен ерекшеленген бірқатар азаматтар Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың, «AMANAT» партиясы Келес аудандық филиалының атқарушы хатшысының атынан Алғыс хаттармен марапатталды.