КЕЛЕС: ШЕКАРА БОЙЫНДАҒЫ ДОСТЫҚ АУЫЛЫНДА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Достық елді мекені Келес ауданы аумағындағы шекаралық елді мекендердің бірі болып табылады. Ауыл Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасымен шектесетін аумақта орналасқан. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шекаралық елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік нысандармен қамту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді шаралар қабылдануда. Осы жұмыстар аясында Ұшқын ауылдық округіне қарасты Достық ауылында жаңа «Достық» медициналық пункті пайдалануға берілді.
Әлеуметтік маңызы зор нысанның ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.
— Шекаралық елді мекендерді дамыту — мемлекеттік маңызы бар басым бағыттардың бірі. Бұл аумақтарда әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау — біздің басты міндетіміз. Бүгін пайдалануға беріліп отырған “Достық” медициналық пункті ауыл халқы үшін сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл нысан тұрғындардың денсаулығын нығайтуға, алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алуға жол ашады. Ақ халатты абзал жандарға табысты еңбек, ал ауыл тұрғындарына мықты денсаулық тілеймін», — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Жаңа медициналық пункт 0,2 гектар жер телімінде салынды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың маусым айында басталып, белгіленген мерзімде толық аяқталып, бүгін ел игілігіне беріліп отыр. Нысанның тапсырыс берушісі — «Абай» Келес аудандық ауруханасы.
Жаңа медициналық пункт заманауи талаптарға сай жабдықталған және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге толық бейімделген. Енді ауыл тұрғындары профилактикалық тексеруден өтіп, күнделікті медициналық қызметтерді өз елді мекенінде ала алады.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі