Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Келес ауданында дзюдо күресінен 2011–2012 және 2013–2014 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында облыс біріншілігі ұйымдастырылды. Аталған жарысқа 12 командадан 300-ге жуық спортшы қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатына Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты іс-шарада сөз сөйлеген Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев:
— Тәуелсіздік күні – еліміз үшін айрықша мәнге ие мереке. Осы мерекеге орай ұйымдастырылған облыс біріншілігі жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттырып, олардың дене дайындығы мен рухани тәрбиесін нығайтуға ықпал етеді. Барлық қатысушыларға әділ белдесу мен сәттілік тілеймін, – деді.
Жарысқа Түркістан, Шымкент, Шардара, Жетісай, Қазығұрт, Арыс, Сарыағаш, Мақтаарал, Созақ, Кентау және Сауран қалалары мен аудандарынан келген командалар қатысуда.
Аталған жарыс ұлдар мен қыздар арасында өтуде және жас спортшылардың тәжірибе жинауына, шеберлігін шыңдауына, сондай-ақ болашақта ірі жарыстарға қатысуына мүмкіндік береді.