Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендерді 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында Түркістан облысында маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы кезекті нысандар Келес ауданында ел игілігіне берілді.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың Келес ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Кеңдала және Көгерту елді мекендерінде салынған ауыз су нысандарының ашылу рәсімі өтті. Аталған іс-шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев және аудан прокуроры Нұрлан Ешенқұлов қатысып, тұрғындарды маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады.
Кеңдала елді мекеніндегі жаңа ауыз су нысанының нәтижесінде 102 тұрғын үй, 502 тұрғын таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды. Ал Көгерту елді мекенінде іске қосылған нысан арқылы 91 тұрғын үйдің 611 тұрғыны орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып, санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына оң әсер етуде.
Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Зұлпыхар Жолдасов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қайтарылған активтер қаражаты халық игілігіне бағытталып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, ол жергілікті атқарушы органдарға ауыз су нысандарының сапалы жұмысын қамтамасыз етіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсету бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Өз кезегінде аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес ауданында ауыз сумен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын айтып, алдағы уақытта да тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған инфрақұрылымдық жобалар жалғасын табатынын жеткізді.
Жалпы, Келес ауданы бойынша 13 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған. Қазіргі таңда 12 ауыз су нысанының құрылысы жүргізіліп, олардың басым бөлігінде құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталу сатысына жеткен. Жобалар толық іске асқан жағдайда аудан тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі айтарлықтай артады.