КЕЛЕС ӨЗЕНІНДЕГІ КӨПІРДІҢ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАУДА

КЕЛЕС ӨЗЕНІНДЕГІ КӨПІРДІҢ ЖАҒДАЙЫ БАҚЫЛАУДА
17 мамыр күні Қошқарата ауылдық округіне қарасты Қошқарата елді мекені аумағында Келес өзені арқылы өтетін көпірде жарық пайда болғаны анықталды. Аталған көпір облыстық маңызы бар КХ-20 автожолының бойында орналасқан.
Осыған байланысты Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев оқиға орнына барып, көпірдің жағдайымен танысты. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көпір арқылы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды.
Алдын ала мәліметке сәйкес, көпірдің ұзақ жылдар пайдаланылуы және тірек бағаналарының түбінің шайылуы салдарынан қауіп туындаған. Қазіргі таңда көпір Түркістан облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының теңгерімінде.
Көлік қозғалысы үшін Алпамыс және Біртілек ауылдық округтері арқылы 10–15 шақырымды құрайтын айналма жолдар ұйымдастырылды. Оқиға орнына төтенше жағдайлар, полиция және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылған.
Жағдай тұрақты, тиісті мамандар көпірдің техникалық жағдайын тексеріп, қорытындысын ұсынатын болады.