Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік елді мекенінде жүзеге асырылып жатқан SunDala минералды су және лимонадтық сусындар өндіру жобасының инвесторларын қабылдап, өндірістік инфрақұрылымды кеңейтуге қатысты мәселелерді талқылады.
Қабылдау барысында инвесторлар дайын өнімді сақтау және логистикалық үдерістерді оңтайландыру мақсатында қойма салу үшін қосымша жер теліміне қажеттілік бар екенін жеткізді. Аталған нысан зауыттың толық қуатта жұмыс істеуіне және өнімдерді ішкі нарықпен қатар экспорттық бағытқа уақытылы жеткізуге мүмкіндік беретіні атап өтілді.
Бұл мәселеге байланысты аудан әкімі инвесторларды арнайы жер қорындағы бос учаскелермен таныстырып, жер телімін беру мәселесі заң талаптарына сәйкес қаралатынын және жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
— SunDala жобасы Келес ауданы үшін маңызды инвестициялық бастама. Өндіріс пен қойма инфрақұрылымының бір кешенде дамуы жобаның тиімділігін арттырады. Сондықтан әкімдік тарапынан барлық рәсімдер заң аясында сүйемелденеді, — деді аудан әкімі.
Аталған жоба аясында 2,5 млрд теңге инвестиция тартылып, зауыт толық іске қосылған кезде 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Өнімдер SunDala брендімен шығарылады және ішкі нарықпен қатар экспортқа бағытталатын болады.