Келес ауданында қызметкерлерді еңбек міндеттерін орындау кезінде болуы мүмкін жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан сақтандыру мәселесіне арналған жиын өтті. Жиналысты аудан әкімі аппараты басшысының міндетін уақытша атқарушы Ерлан Ибраимов ашты. Ол еңбек қауіпсіздігінің маңызын атап өтіп, қызметкерлерді сақтандыру — әр жұмыс берушінің заң алдындағы міндеті әрі әлеуметтік жауапкершілігі екенін айтты. Сондай-ақ сақтандыруды дер кезінде рәсімдеу өндірістік тәуекелдердің алдын алуға көмектесетінін жеткізді.
Жиын барысында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Дінмұхамет Сихымбай еңбек қауіпсіздігі талаптары мен міндетті сақтандырудың құқықтық негіздері жөнінде кеңінен түсіндірді. Оның баяндамасынан кейін қатысушылар өз сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Келесі болып «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Балауса Камалова сөз сөйлеп, өндірістік тәуекелдерден сақтандыру бағытындағы қызметтер мен сақтандыру өнімдерінің ерекшеліктерін таныстырды. Тыңдаушылардың сауалдарына жауап беріп, қажетті ақпараттармен бөлісті.
Одан кейін «Номад Лайф» сақтандыру компаниясының Түркістан қаласындағы 4-санаттағы басқарушы директоры Сулушаш Садуакас өз ойымен бөлісті. Ол міндетті сақтандырудың тиімділігі мен рәсімдеу тәртібін түсіндіріп өтті. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтар талқыланып, практикалық мәселелер қарастырылды.
Жиын соңында барлық жұмыс берушілерге еңбек қатынасындағы қызметкерлерді жазатайым оқиғалар мен кәсіби аурулардан міндетті түрде сақтандыру жөніндегі заң талаптарын уақытылы орындау қажеттігі ескертілді.