Әшірәлі Кенжеев атындағы Келес аудандық мәдениет үйінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына орай “Келес” халықтық театры Есенғали Раушанның «Абай» спектаклін сахналады. Бұл қойылым Түркістан облысының аудандары ішінде алғаш рет көрсетілді.
Шараға 500-ге жуық көрермен келген. Қойылымда тек екі кейіпкер болса да, сахнадағы шебер ойын мен сахна артындағы қызметкерлердің қолдауы көрерменге ерекше әсер етті. Құнанбайды Жангелді Мырзалиев, ал Абайды жас актер Бекқали Еркін сомдады.
Келес ауданы әкімінің орынбасары Мақсат Тұрдиев театр ұжымын құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
— Абай шығармашылығын ұлықтау — бұл тек мерейтойлық іс-шара емес, біздің жастарға ұлттық құндылықтарымызды түсіндіру, олардың бойына парасат пен өнеге дарыту жолындағы маңызды қадам. Бұл спектакль көрерменге қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең мәнін сездіруге, отбасылық және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Мұндай қойылымдар жастарды өнерге баулу мен ұлттық рухты нығайтуда ерекше рөл атқарады, — деді Мақсат Сабитұлы.
Шара соңында көрермендер қойылымнан алған әсерлерін бөлісіп, актерлерге жылы лебіздерін жеткізді. Ал сахна артында қызмет көрсеткен ұжымның еңбегі де жоғары бағаланды. Мұндай қойылымның облыс көлемінде алғаш рет сахналануы Келес театрының өнердегі жетістігі ғана емес, аудан тұрғындары үшін де рухани мереке болды.