КЕЛЕС: ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЫЛ БОЙЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ

КЕЛЕС: ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЫЛ БОЙЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ
КЕЛЕС: ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖЫЛ БОЙЫ АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ НАҚТЫЛАНДЫ
Келес ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудандық Ақсақалдар кеңесінің ІV тоқсандық отырысы өтті. Жиынға ауданның зиялы қауымы, мемлекеттік мекеме өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері қатысып, іс-шараға Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев төрағалық етті. Отырыстың күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.
Алдымен Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұртаев Лесбек Ағылұлы ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар туралы баяндап, аудан жастарына тәлім-тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, қоғамдық тұрақтылықты нығайту бағытында жасалған жұмыстарға тоқталды.
Аналар кеңесінің төрайымы Сәрсенова Гүлбала Жәнібекқызы да жылдық есептік баяндамасын ұсынып, Аналар кеңесінің «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық филиалымен, Отбасын қолдау орталығымен, мектептермен, колледждермен, ақсақалдар алқасымен, полиция қызметкерлерімен және түрлі мәдени мекемелермен бірлесе жұмыс атқарғанын атап өтті.
Жыл бойы отбасылық құндылықтарды нығайту, ұлттық тәрбиені насихаттау, жастар арасында ерте жүктіліктің алдын алу, құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Отбасы – тәрбие негізі» атты кездесулер, әжелер мен аналар қатысқан ұлттық тәрбиеге арналған шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Сонымен бірге әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Бірлік пен татулық – ел тірегі» атты семинарлар, мәдени іс-шаралар өткізілді, ауылдық жерлерде ашық диалог алаңдары құрылды. Мәдениет үйлері мен кітапханалардың қолдауымен Аналар кеңесінің қатысуымен әдеби-танымдық кештер мен ұлттық салт-дәстүрге бағытталған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, жыл басынан бері отыздан астам іс-шара өткізілді.
Жиында «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Оспанов Бауыржан Есболұлы мен Келес ауданының бас имамы Садықов Айдарәлі де жылдық есептерімен бөлісті. Әр баяндамадан кейін қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Даурен Сариев атқарылған жұмыстарға оң бағасын беріп, алдағы уақытта да аудандағы қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Отырыс нақты ұсыныстармен және келер жылға арналған жоспарлармен аяқталды.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі