Келес ауданы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның кезекті отырысы аудан әкімінің орынбасары әрі комиссия төрағасы Даурен Сариевтің төрағалығымен өтті. Жиынға полиция өкілдері, білім және медицина саласының мамандары, ауылдық округ әкімдері қатысып, балалардың жағдайына қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.
Отырыста әлеуметтік жағдайы қиын отбасылармен жүргізіліп жатқан жұмыс, тәуекел тобындағы балаларға көрсетілетін қолдау, білім беру және денсаулық сақтау салаларының бірлескен бақылау нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандарға қамқоршылық тағайындау, отбасылардың құқықтық мәртебесін реттеу және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағыттары сөз болды.
Жиын қорытындысында мерекелік кезеңдерде оқушылардың қауіпсіздігін күшейту, жайсыз отбасылармен жұмысты жүйелі жолға қою, балалардың құжаттарына қатысты анықталған мәселелерді толық шешу, мүмкіндігі шектеулі балаларға көрсетілетін қызметтердің мониторингін тұрақты жүргізу тапсырылды.
Сондай-ақ жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін үйірмелер мен ашық диалог алаңдарын көбейту, «Отбасын қолдау орталығының» келесі отырыста толық есеп беруі және комиссия құрамын қайта қарау қажет екені назарға алынды. Отырыс соңында Даурен Сариев балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауда барлық мекемелердің бірлескен жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.