КҮН ЭНЕРГИЯСЫМЕН АУЫЛДЫ ҚАМТУ: КЕЛЕСТІК ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЖОБАСЫ
Келес ауданындағы №33 «Жуантөбе» жалпы білім беретін мектебінің 4-сынып оқушылары Жақсылық Мақсат пен Жәнібек Бекарыс аудандық «Зерде» ғылыми жобалар конкурсында ерекше білімдарлығымен танылып, қазылар алқасының назарын өзіне аударды.
Жақсылық Мақсат «Желдеткіш жобалау технологиясы» атты ғылыми жұмысын сәтті қорғап, тұрмыста жиі қолданылатын желдеткіштің баламалы нұсқасын ұсынды. Жобаның мақсаты – информатика пәнінен алған білімді тәжірибеде қолдана отырып, экологиялық әрі үнемді құрылғы жасау. Оқушы құрастырған желдеткіш электр энергиясын қажет етпейді, қосымша шығынды талап етпейді және адам денсаулығына зиянсыз. Мақсаттың желдеткіші жаз мезгілінде қолдануға тиімді, экологиялық таза құрал ретінде бағаланды.
Физика ғылымына ерекше қызығушылық танытып келе жатқан Жәнібек Бекарыс «Күн энергиясы арқылы ауылдық аймақтарды энергиямен қамтамасыз ету» тақырыбында ғылыми зерттеу жұмысын ұсынды.
Аудандық кезеңде №66 мектепте өз жобасын қорғаған оқушы күн панельдерінің мүмкіндіктерін жетілдіруді көздейді. Оның жұмысының басты жаңалығы – күн панельдерінің бұлтты күндері күн көзін тиімді қабылдау үшін бұрылу механизміне ие болуы және тұрақты энергия өндіру қабілеті. Оқушы құрастырған құрылғы күн панелі, жел генераторы, оң және теріс сымдар мен қуат беретін батареядан тұрады.
Жәнібектің пайымынша, күн энергиясын терең зерттеу болашақта мамандық таңдауға жол ашып, экологиялық таза энергия көздерін дамытуға үлес қосады.
Жоба авторларының еңбектері баланың ғылыми ізденісін қолдаудың, білім мен шығармашылықты ұштастырудың нақты нәтижесі ретінде бағаланып отыр.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі