АСТАНАДА АУЫЛ ӘКІМДЕРІНІҢ ДИАЛОГ-ПЛАТФОРМАСЫ ӨТТІ
Астана қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қатысуымен «Ауыл әкімдерінің диалог-платформасы» атты республикалық форум өтті. Іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен келген ауыл әкімдері, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
Форум барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін нақтылау және күшейту қажеттігін атап өтті. Мемлекет басшысы жергілікті биліктің дербестігін арттыру – елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін маңызды қадам екенін жеткізді.
— Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек. Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Мәжілісте қаралып жатқан «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулердің маңыздылығына тоқталды. Бұл өзгерістер ауыл әкімдеріне көше саудасын бақылау, қоғамдық аумақтарды абаттандыру және арнаулы техникалар сатып алу сияқты жаңа өкілеттіктер беруді көздейді. Сонымен қатар Президент әкімдердің мемлекеттік дерекқорларға қолжетімділігін қамтамасыз ету және заңнамадағы қайшылықтарды жою қажеттігін ерекше атап өтті.
Мемлекет басшысы Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, ауыл және аудан әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерді анықтау мақсатында кешенді талдау жүргізуді және бір ай мерзім ішінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Аталған форумға Түркістан облысының Келес ауданынан 9 ауылдық округтің әкімі қатысты. Делегацияны Келес ауданы әкімі аппаратының басшысы Бақтияр Абдрахманов бастап барды. Форум аясында келестік әкімдер ауылдық аумақтарды дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жетілдіру бағытында өз тәжірибелерімен бөлісті.
Форум соңында қатысушылар Мемлекет басшысының ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін кеңейтуге қатысты тапсырмаларын толық қолдайтындарын және бұл қадам ауылдық аймақтардың өркендеуіне жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі