КЕЛЕСТІК ОҚУШЫ ЭКОҚЫШ ДАЙЫНДАУ ЖОБАСЫМЕН КӨЗГЕ ТҮСТІ
Келес ауданындағы №3 Ә.Молдағұлова атындағы мектептің 2-сынып оқушысы Рахматулла Іңкәр күнделікті тұрмыста кездесетін құм мен пластик қалдықтарын пайдаланып, экологиялық қыш дайындаудың тың тәсілін ұсынып отыр. Бүлдіршіннің ғылыми жобасы табиғатты қорғау мен қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған жаңашыл бастама ретінде назар аудартты.
Жақында өткен аудандық “Зерде” ғылыми жобалар байқауында Іңкәрдің жұмысы жоғары баға алып, жоба жетекшісі Айжан Турсынбаевамен бірге жүлделі орын иеленді. Осылайша, жас зерттеуші облыстық кезеңге жолдама алып, алдағы сынға қызу дайындық үстінде.
Жетекшісінің айтуынша, экологиялық қыш жасау идеясы бірнеше ай бойы зерттеліп, тәжірибе жүзінде пысықталған. Жоба барысында пластик қалдықтарын қайта өңдеп, оларды құрылыс материалдарының бір бөлігі ретінде қолдану мүмкіндігі қарастырылған.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі