КЕЛЕСТЕ «КЕЛЕШЕК» МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ МЕҢГЕРУДЕ

КЕЛЕСТЕ «КЕЛЕШЕК» МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ МЕҢГЕРУДЕ
КЕЛЕСТЕ «КЕЛЕШЕК» МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫЛАРЫ ҰЛТТЫҚ КИІМ ТІГУДІ МЕҢГЕРУДЕ
«Келешек мектептері» жобасы аясында салынған Келес ауданындағы №66 жалпы орта мектебінде оқушылардың ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыру мақсатында арнайы үйірме ұйымдастырылып, жүйелі түрде жұмыс істеп келеді.
Бүгінде шәкірттер ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарын өз қолымен дайындауды меңгеруде. Мектеп директоры Балзия Тәжібаева білім ордасында оқушылардың жан-жақты дамуына толық мүмкіндік жасалғанын атап өтті.
— Біздің басты мақсат – балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап, шығармашылық әлеуетін ашу. “Келешек мектебі” тек сапалы білім берумен шектелмей, оқушылардың қызығушылығын дамытуға арналған түрлі үйірмелерді қамтиды. Солардың бірі – ұлттық өнерге баулитын үйірме, – деді ол.
Ұлттық қолөнерді үйретіп жүрген көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Гүлжаухар Калганбаева бұл бағыттың оқушылар тәрбиесіне қосатын үлесін айтты.
— Ұлттық киім тігу – жай ғана қолөнер емес. Бұл – бала бойында ұқыптылық, жауапкершілік, эстетикалық талғамды қалыптастыратын маңызды үдеріс. Сонымен қатар, болашақта дизайнерлік, технологиялық бағыттағы мамандықтарға қызығушылық тудыруға ықпал етеді, – деді ұстаз.
Үйірме барысында оқушылар камзол, белдемше, сәукеле секілді ұлттық киім түрлерін, сондай-ақ әртүрлі қолөнер бұйымдарын дайындап, өздерінің шығармашылық қабілетін дамытып келеді.
Мектеп ұжымы алдағы уақытта оқушылар қолынан шыққан ұлттық киімдерден арнайы көрме ұйымдастырып, оларды аудандық мәдени шараларға қатыстыруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, білім ордасында шығармашылық бағыттағы «Шебер қолдар» үйірмесі де тұрақты жұмыс істейді.
🔗Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі