КЕЛЕС: АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІ ТЕКСЕРІЛДІ
Келес ауданында қысқы кезеңдегі төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бағытында «Қыс – 2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын, басқару органдарының үйлесімділігін және қыс мезгіліндегі ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою қабілетін тексерді.
— Құрметті қатысушылар, қысқы кезең – табиғи жағдайлар күрт өзгеріп, тұрғындардың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін сындарлы уақыт. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және салдарын азайту бойынша барлық жауапты қызметтердің жоғары дайындықта болуы – біздің басты міндетіміз. Бүгінгі оқу-жаттығу азаматтық қорғаудың аумақтық және салалық құрылымдарының бірлескен іс-қимылын жетілдіруге, олардың кәсіби даярлығын арттыруға бағытталған маңызды шара болып табылады. Бүгін өткізіліп отырған оқу-жаттығу бізге әлсіз тұстарды анықтауға, күштер мен құралдардың жеткіліктілігін бағалауға, сондай-ақ қысқы кезеңге жан-жақты дайындықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Барлық жауапты бөлімдерге, азаматтық қорғау қызметтеріне және қатысушы мамандарға жоғары жауапкершілік танытып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы еңбектеріңізге алғыс білдіремін, – деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Оқу-жаттығу барысында құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығы, жедел кезекшілік пен диспетчерлік қызметтердің жұмысы, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық қорлардың жеткіліктілігі бағаланды.
Сонымен қатар көлік магистральдары мен тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысын бұзу жағдайларында басқару тетіктері пысықталып, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қою әрекеттері тәжірибелік түрде көрсетілді. Оқу-жаттығудың қорытындысы қараша айында өтетін Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссия отырысында қаралатын болады.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі