Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік кеңесінде Алпамыс батыр ауылдық округі әкімі Ерлан Әділханов ағымдағы жылдың 10 айында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Ауылдық округке Ақжол және Қауыншы елді мекендері кіреді және жалпы 3 171 гектар жерді қамтиды. Ауыл тұрғындары негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады. Ауылдық округте 6 өндірістік кооператив пен 318 шаруа қожалық жұмыс істейді.
Ауыл шаруашылығы саласында биыл 1 293 гектар егіс егілді. Оның ішінде жүгері 300 гектар, бақша 57 гектар, картоп 130 гектар, көкөніс 671 гектар және мал азықтық дақылдар 124,6 гектар егілді. Егіс алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету үшін Қауыншы мен Ақжол ауылдарындағы қашыртқылар тазаланды. Өзбекстан Республикасымен шекара бойындағы қашыртқыларды әскери бөліммен бірлесе жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындардың өтінішіне сәйкес ретке келтірілді.
Кәсіпкерлік және инвестициялық салада бос жатқан жерлерді игеру үшін жеке кәсіпкерлер ӨК мүшелігіне енгізіліп, жеміс-жидек егілетін 35 гектар жер белгіленді. «Ер-тайыр» АШӨК жобасы бойынша 5 гектарға жүзім егілді, кооперативке 14 азамат тіркелді. Ақжол және Қауыншы елді мекендерінде 70 және 100 орындық балабақшалар салынуда. Сондай-ақ 3 400 тонна сыйымдылықтағы тоңазытқыш қоймасы жаңартылуда, өндірістік аймаққа кәсіпкерлерді шоғырландыру үшін жер бөлінді.
Инфрақұрылымдық жұмыстар барысында ауыз су жүйелері жөнделіп, Ашынау каналынан су беріліп, арнайы су қоймасына 700 тонна су жинақталды. Табиғи газбен қамтылу 98 пайызға жетті, электр желілері жаңартылды, жарықшамдар орнатылды. Көшелер асфальтталып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулар мен кедергілер қойылды.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің әкіміне ауылдық елді мекендерді дамыту бағытында нақты тапсырмалар берді. Ауылды жүйелі дамыту, инфрақұрылымды жаңарту, елді мекендердің қасбетін ретке келтіру, тұрғындармен ашық диалог орнату – басты басымдық болуға тиіс екенін айтты.