Келес ауданында 2025 жылдың қаңтар–қараша айлары аралығында тұрмыстық газдан улану фактілері тіркелмеді. Бұл мәселе Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде қаралып, жылыту маусымында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, газдан уланудың және төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.
Жиында ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Алмас Абдуллаев 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындық және қауіпсіздік шаралары туралы баяндама жасап, ауданда газдан улану деректері тіркелмегенін атап өтті. Қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында прокуратура, полиция бөлімі, төтенше жағдайлар бөлімі, «Абай газ шаруашылығы» мекемесі, ауылдық округ әкімдіктері және «Газ техникалық инспекциясы» КММ бірлесіп бірнеше мекемеаралық кездесулер өткізгені хабарланды.
Жылыту маусымының басталуына орай тұрғындар арасында түсіндіру және бақылау жұмыстары күшейтіліп, 10 рет аралау іс-шаралары жүргізілді. Газбен қамтылған нысандарда қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, алдын алу шаралары туралы ақпарат берілді. Ақпараттық жұмыстар әлеуметтік желілерде 60 материал, жергілікті телеарналарда 10 бейнематериал жариялануымен және 15 бейнероликтің тұрғындарға жолдануымен толықты.
Аудандағы 19 955 тұрғын үйдің 16 300-і газбен қамтылған. Облыс әкімі тапсырмасына сәйкес бүгінгі күнге дейін 13 000-ға жуық абонент араланып, қауіпсіздік талаптарының орындалуы тексерілді. Аралау барысында 104 кемшілік анықталып, оларды жою бойынша жоспар жасалды. Барлық үйлерді аралау қараша айының соңына дейін аяқталып, кемшіліктерді жою іс-шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған 50 отбасына қолдау көрсетіліп, олардың үйлеріндегі мұржалар тазартылды.