КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН РЕЙДТЕР ЖҮРГІЗІЛУДЕ

КЕЛЕС АУДАНЫНДА ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН РЕЙДТЕР ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен жылыту маусымында төтенше жағдайлардың, оның ішінде иісті газдан уланудың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланған әкімдік жиыны өтті. Жиынға тиісті сала басшылары, ауылдық округ әкімдері және төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері қатысты.
Бүгінде аудан аумағында өрттің алдын алу және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Әлеуметтік осал азаматтардың, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың, мүгедектер мен зейнеткерлердің тізімі жасалып, барлығы 2051 үйге төтенше жағдайлар қызметкерлері тарапынан түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар осы санатқа кірмейтін 6250 тұрғын үйде де өрт қауіпсіздігі бойынша алдын алу шаралары ұйымдастырылды.
Үйлерді аралау барысында анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға жадынама парақшалары таратылды. Сонымен қатар волонтерлердің қатысуымен жеке секторларда, көп қабатты үйлерде және әлеуметтік осал топтар арасында рейдтер жүргізіліп, жалпы 8500 дана жадынама таратылды.
Жиын қорытындысында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев барлық ауылдық округтерде жылыту маусымы аяқталғанға дейін иісті газдан улану мен өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік осал отбасыларды ерекше бақылауда ұстап, олардың үйлеріндегі жылыту құралдарының жағдайын қайта тексеруді міндеттеді.
Аудан басшысы 2025–2026 жылдары әлеуметтік санаттағы азаматтардың үйлеріне газосигнализатор орнату мүмкіндігін қарастырып, бұл мәселе бойынша ұсыныс енгізуді жүктеді. Сонымен бірге ауылдық округтердің әлеуметтік желілері мен дауыс ұлғайтқыш құралдары арқылы тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын тұрақты түрде жеткізуді, халық көп жиналатын орындарға билбордтар мен ескертпе плакаттар орналастыруды және жадынамаларды үйлерге таратуды тапсырды.