Түркістан қаласында өтіп жатқан «Turkistan International Investment and Tourism Forum» (TIITF-2025) аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев шетелдік және отандық инвесторлармен бірқатар ресми кездесулер өткізді.
Форум инвестициялық жобаларды талқылауға арналған маңызды алаңға айналып, қатысушылар үшін жаңа серіктестік орнатуға мүмкіндік беруде.
Осы іс-шара барысында Жәнібек Ағыбаев «АСВС ОЙЛ» ЖШС және «IAJ FAMILY» ЖШС компанияларының басшыларымен арнайы келіссөздер жүргізді. Кездесуде Келес ауданында аяқ киім шығару өндірісін орналастыру жөніндегі жоба егжей-тегжейлі талқыланды.
Инвесторлар тарапынан ауданның өндірістік әлеуеті, логистикалық мүмкіндіктері, еңбек ресурстары және әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері ерекше қызығушылық тудырды.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар 200 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуға, жылдық қуаттылығы 1500 дана өнім шығаратын цех ашуға және 20 жаңа жұмыс орнын құруға өзара ниет білдірді.
Аудан әкімі инвесторларға Келестің бизнес жүргізуге қолайлы өңір екенін, жобаларды іске асыру үшін инфрақұрылымдық және әкімшілік қолдау көрсетілетінін жеткізді.