Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті жоспарлы отырысы өтті. Жиында ағымдағы жылдың III тоқсанына арналған күн тәртібіндегі өзекті үш мәселе қаралды. Отырысқа комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері және әлеуметтік сала мамандары қатысты.
Алдымен нашақорлық және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы мәселелер талқыланды. Бұл жөнінде Келес аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Асет Ибрагимов баяндама жасап, атқарылып жатқан профилактикалық жұмыстар туралы ақпарат берді. Құқық қорғау органдары тарапынан тәуекел топтармен жұмыс, жастар арасында түсіндіру шараларын күшейту міндеттері айтылды.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе — жол-көлік оқиғаларының, соның ішінде адам өліміне әкелетін жағдайлардың алдын алу болды. Полиция бөлімінің өкілі жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жүргізіліп жатқан шараларды, қауіпті учаскелерді анықтау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар «Бейбіт қоғам – зорлықсыз өмір» тақырыбында отбасы-тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі қаралды. Бұл бағытта полиция бөлімінің өкілі мен «Отбасы қолдау орталығы» КММ директоры Рашит Жұмабеков бірлескен жұмыстар, әлеуметтік-психологиялық қолдау тетіктері және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша ұсыныстарын айтты.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі, комиссия төрағасы Жәнібек Ағыбаев құқық бұзушылықтың алдын алу – қоғам тұрақтылығының маңызды шарты екенін атап өтті. Тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар беріліп, профилактикалық жұмысты жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды. Барлық ұсыныстар мен пікірлер хаттамаға енгізілді.