КЕЛЕС: ЖАҢА ТҰҚЫМБАҚ АШЫЛЫП, АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ӨНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

КЕЛЕС: ЖАҢА ТҰҚЫМБАҚ АШЫЛЫП, АҒАШ КӨШЕТТЕРІН ӨНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ
Келес ауданында көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізу мақсатында 3 гектар аумақта арнайы тұқымбақ құрылды. Биыл оның 1 гектарында ағаш көшеттерінің тұқымын себу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, Емен және Қаратал ағашының тұқымдары егіліп, олардың өсіп-өнуі үшін қажетті жағдайлар жасалуда.
Қазіргі таңда тұқымдар арнайы витаминдермен байытылған қоспа арқылы себілуде. Жақын уақытта тұқымбақ аумағына тамшылатып суару жүйесі енгізіледі. Бұл үшін арықтан келетін суды жинақтап, тұндыруға арналған арнайы резервуар орнатылмақ. Одан кейін су тұқымдарға тамшылату әдісімен беріліп, көшеттердің біркелкі әрі сапалы өсуіне мүмкіндік жасайды.
Биыл 1 гектар аумақ игерілсе, келесі жылы қосымша 2 гектарға тұқым себу жоспарлануда. Сонымен қатар тұқымбақта жұмыс істейтін мамандарға арналған үй және қажетті техника қамтамасыз етіледі. Келешекте аудан аумағына егілетін ағаш көшеттері осы тұқымбақтан алынатын болады.
Айта кетейік, Келес ауданы аумағында аүзгі ағаш егу науқанында 25 мыңнан астам ағаш егу көзделген. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес барлық ауылдық округтерде ағаш егілетін орындар анықталып, дайындық жұмыстары толық пысықталған. Көшеттер Қазығұрт ауданынан жеткізіліп, жоспарға сай отырғызылуда.