КЕЛЕС: ЖЕТІ ЖЫЛ ІШІНДЕ 23 АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

КЕЛЕС: ЖЕТІ ЖЫЛ ІШІНДЕ 23 АУЫЛ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Келес ауданы қайта құрылғанына биыл 7 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында өңірде инфрақұрылымдық дамудың жаңа кезеңі қалыптасып, ең өзекті мәселелердің бірі — ауылдарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары аудандағы 23 елді мекенге табиғи газ жеткізіліп, мыңдаған тұрғынның өмір сапасы жақсарды.
Биыл газдандыру жұмыстары тағы 12 елді мекенде жүргізілуде. Ұшқын ауылдық округіндегі Достық және Қоралас елді мекендерінде табиғи газ желілерін тартуға қатысты құрылыс-монтаж жұмыстары қарқын алған. Сонымен қатар Қошқарата ауылдық округіндегі бір елді мекенде, Ұшқын ауылдық округіндегі бір елді мекенде және Бірлік ауылдық округіндегі Бірлік елді мекенінде газ желілерінің құрылысы аяқталып, атқарушы техникалық құжаттар әзірлену үстінде.
Аудан бойынша тағы 9 елді мекеннің газдандырылуына қатысты жобалық-сметалық құжаттары дайындалған. Бұл қатарға Жаңатіршілік, Қосөткел, Үшағаш, Бақшысай, Ынталы, Саттаров, Қаратал, Атақоныс, Жиделі елді мекендері кіреді.
Айта кетерлігі, аудан аумағындағы Тартоғай, Шолантөбе, Мәдениет, Құрөзек, Коммунизм, Байғабыл елді мекендеріне газ тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз деп танылған. Ал Ашықөл, Қалғансыр, Бекбота, Майдабозай, Бозай елді мекендерінде табиғи газ жүйесі әлі жүргізілмеген, бұл бағытта қосымша зерделеу және жоспарлау жұмыстары жалғасады.