КЕЛЕС: ОШАҚТЫДАҒЫ 6 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ

КЕЛЕС: ОШАҚТЫДАҒЫ 6 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
КЕЛЕС: ОШАҚТЫДАҒЫ 6 ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ошақты ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды кеңінен баяндады. Кездесу Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықпен тұрақты түрде ашық диалог орнату туралы тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылды.
Аудан әкімі алғашқы жартыжылдықта көтерілген мәселелердің орындалу барысын айтып, нақты нәтижелерді жеткізді. Саңырау және Қоңыртөбе елді мекендерінің тозығы жеткен электр желілері мен бағаналарын ауыстыруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, тиісті басқармаларға ұсынылған.
Округтегі негізгі инфрақұрылымдық бағыттардың бірі – табиғи газбен қамту мәселесі. Бүгінде 7 елді мекен табиғи газға қосылған болса, тағы 6 елді мекенді газ жүйесімен қамту жұмыстары «Отау-Строй» ЖШС арқылы жүргізілуде. Жыл соңында аяқталуы жоспарланған жоба өңірдегі тұрмыс сапасын айтарлықтай арттырмақ.
Жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылған. Саңырау–Сарыжылға бағытындағы аудандық маңызы бар жолдың бұзылған аумақтары жөнделіп, Береке және Қоңыртөбе елді мекендеріндегі көшелерге асфальт төсеу толығымен аяқталды.
Су шаруашылығы саласында егістікке ағын су жеткізетін негізгі каналдарда механикалық тазалау және қазу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 8-Ұлан және Жиделі каналдары бойынша 17 шақырымнан астам аумақта жұмыстар орындалды. Көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында «Қараман» және «Құркелес» арналары да тазартылды.
Әлеуметтік нысандар құрылысы да қарқын алған. Атақоныс елді мекеніндегі фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы басталып, жыл соңында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар Сарыжылғада кіші футбол алаңшасы салынып жатса, Ошақты елді мекенінен спорт кешенін салу үшін қажетті құжаттар толық дайындалып, облыстық басқармаға ұсынылған.
Кездесу барысында әкім ауылды көркейту мен экологияны қорғау мәселесіне де тоқталып, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсенді атсалысуға шақырды. Кездесу соңында тұрғындар өз сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізіп, бірқатар мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берілді.
🔗Келес ауданы әкімінің баспасөз қызметі