Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығынан шалғай орналасқан Бозай, Жамбыл және Бірлік ауылдық округтерінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті.
Кездесулер барысында әкім ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады. 2025 жылдың 9 айында Келес ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 94,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 136,8 пайызды құраған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы, құрылыс, инфрақұрылым және әлеуметтік салада ірі жобалар жүзеге асырылып келеді.
Жәнібек Ағыбаев ауыл шаруашылығы саласында 46,4 млрд теңге болатын 8 жобаның жүзеге асырылатынын атап өтті. Оның ішінде жылыжай кешендері, сүт өңдеу, мал бордақылау және бау-бақша бағытындағы жобалар бар. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда ауыз су, электр желісі мен жол мәселесін шешу мақсатында бірқатар жобалар қолға алынғанын айтты.
— Біздің басты мақсатымыз – шалғай ауылдардың әлеуетін көтеру. Инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығын дамыту арқылы тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға күш саламыз, – деді аудан әкімі.
Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым, жайылым жер, ауыл шаруашылығын субсидиялау және әлеуметтік нысандардың жағдайы жөнінде сұрақтар қойды. Әкім әрбір мәселе бойынша нақты түсіндірме беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жергілікті халық ауылдардағы өзекті түйткілдердің кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын атап, аудан басшысына ризашылықтарын білдірді.