Келес ауданында ауыл еңбеккерлерінің дәстүрлі «Алтын күз – 2025» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті. Абай ауылында ұйымдастырылған шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, ауыл шаруашылығы саласында үздік нәтиже көрсеткен еңбеккерлерді марапаттады.
Мерекелік жиында сөз алған аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Келес өңірінің аграрлық саласы жыл сайын тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті.
— Жыл басынан бері аудан бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 57,4 млрд теңгеге жетті. Салаға 11 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 132 пайыздық өсімге қол жеткіздік. Биыл 22,9 мың гектар жерге егіс егілді, оның 12 мың гектардан астамы көкөніс пен бақша дақылдары. Сонымен қатар 1168 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, жоспар толық орындалды. Қазіргі таңда аудан бойынша төрт түлік саны 500 мың басқа жетіп отыр. Бұл – ауыл еңбеккерлерінің маңдай терінің, қажырлы еңбегінің жемісі, – деді аудан басшысы.
Сонымен қатар әкім су шаруашылығын дамыту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
— Биыл 86,9 шақырым су арналары мен қашыртқылар тазаланып, 2120 гектар жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артты. Алдағы уақытта 127,9 шақырымды құрайтын 10 магистралды каналға бетон қаптау жобасы жүзеге асырылады, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Мереке барысында еңбегімен елге үлгі болған шаруалар мен округ әкімдері түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтқанда, «Жаңақоныс» ЖШС төрағасы Құрманғали Турумбетов – «Озат көкөніс өндіруші», «Мейіржан» ШҚ жетекшісі Мейіржан Абдималик – «Озат ет өндіруші», ал «Береке-Ынтымақ» ШҚ басшысы Оразәлі Дарменшеев – «Озат шопан» аталымдары бойынша үздік деп танылды.
Жыл қорытындысы бойынша ауылдық округтер арасында Біртілек ауылдық округі – І орын, Бірлік – ІІ орын, Жамбыл – ІІІ орын иеленді.
Мерекелік шараның көркін өнерпаздар орындаған ән мен күй жандандырды. Әнші Наркенже Серікбаева тамаша ән орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ Балалар саз мектебінің шәкірттері орындаған «Ерке сылқым» және «Балбырауын» күйлері кештің сәнін арттырды.
Салтанатты жиын соңында аудан әкімі ауыл еңбеккерлеріне ризашылығын білдіріп:
— Келестің басты күші – еңбекқор азаматтарымыз. Еңбегі еленген әрбір шаруа ауданның дамуына үлес қосып отыр. Біз ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді.
Шара концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.