КЕЛЕС: 68 ЕЛДІ МЕКЕН САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫНА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ
Келес ауданында тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде ауданның 83 елді мекені орталықтандырылған электр желісіне қосылған, ал оның ішінде 68 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылған.
Биылғы жылға арналған «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында 19,91 шақырым 10-0,4 кВ электр желілеріне және 7 трансформатор қондырғысына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар ағымдағы жылдың қараша айында аяқталып, желілердің тозу деңгейін 57,6 пайызға дейін төмендету жоспарланған.
Сонымен қатар, 5 елді мекенде жаңа электр желілерін тарту жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда қосу жұмыстары атқарылуда. Олар, Ақтөбе ауылдық округінің – Лесбек батыр, Көгерту, Біртілек ауылдық округінің Ораз ата, Игілік және Қолтоған елді мекендері.
Ал Алпамыс батыр ауылдық округіндегі Ақжол және Қауыншы елді мекендерін сапалы электрмен қамту жобасы 2025 жылдың қаржы жоспарына енгізіліп, мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Бұдан бөлек, Ақтөбе ауылдық округіне қарасты Ғ.Мұратбаев, Қаратөбе, Ақжар және Көкбұлақ елді мекендерінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Сондай-ақ, Ошақты ауылдық округіндегі Саңырау мен Қоңыртөбе, Бірлік ауылдық округіндегі Үшағаш, Жүзімдік ауылдық округіндегі Ақсу елді мекендерін сапалы электр қуатымен қамтуға арналған жобалар дайындалып, қаржы бөлуге ұсынылған.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі