Келес ауданында елді мекендердің келбетін жаңарту, абаттандыру және көріктендіру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес, ауылдық округтерде ақпараттық бағыттағы белгілер мен тақтайшалар жаңартылып, ауыл атаулары айқын әрі көрнекі түрде қайта орнатылуда.
 
Мәселен, Ошақты ауылдық округіне қарасты бірқатар елді мекендердегі ескі тақтайшалар толықтай жаңартылып, жаңа үлгіде безендірілді. Бұл жұмыстар ауылдардың көркін арттырумен қатар, бағыт көрсеткіштерін нақтылап, елді мекендердің танымалдығын арттыруға сеп болуда.
 
Сонымен қатар, аудан көлемінде абаттандыру ісіне демеушілер мен жергілікті азаматтар белсенді түрде атсалысып жатыр. Мысалы, Қошқарата ауылдық округінің тумасы өзі өскен ауылына жаңа спорт алаңын салып берсе, Ошақты ауылдық округінің кәсіппен айналысып жүрген азаматтары ауылдың кіреберісіне арка мен футбол алаңын салып, туған жерінің көркеюіне үлес қосуда.
 
Бұл бастамалар жергілікті әкімдіктердің ұйытқы болуымен тұрғындар мен кәсіпкерлерді ортақ іске жұмылдырып, елді мекендердің ажарын ашуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Нәтижесінде кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары бірлесе еңбек етіп, ауылдардың келбетін жақсартып, Келес өңірінің көрікті бейнесін қалыптастыруға өз үлестерін қосуда.