КЕЛЕС: РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

КЕЛЕС: РӘМІЗДЕР АЛАҢЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
25 қазан – Республика күні мерекесіне орай Келес ауданының Абай ауылында жаңа Рәміздер алаңы ашылды. Ел бірлігін, Тәуелсіздіктің тұғырын айшықтайтын нысанның ашылу салтанатына Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында Мемлекеттік Ту көтеріліп, Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
— Бүгін біз баршамыз үшін аса қастерлі мереке — Республика күнін ерекше рухпен атап өтіп отырмыз! Бұл күн — халқымыздың еркіндігі мен тұтастығын айқындаған тарихи белес. Мемлекеттік Туымызды көтеру рәсімі — ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің, Отан алдындағы адалдық пен бірліктің нышаны. Көк байрағымыз биікте желбіреген сайын еліміздің болашағы жарқын бола түсері сөзсіз, — деді аудан басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар аудан әкімі тұрғындарды мерекемен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі. Жалпы аумағы 6 800 шаршы метрді құрайтын жаңа Рәміздер алаңында 20 метрлік Ту тұғыры орнатылды.
Бұл нысан — елдік пен егемендіктің символы ретінде ауданның көркін арттырып, тұрғындардың мақтаныш орнына айналмақ. Шара соңында мәдениет үйі өнерпаздарының мерекелік концерті ұйымдастырылып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.