Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың тапсырмасына сәйкес, аудан көлемінде қысқы жылыту маусымына дайындық және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуде. Осы бағытта «Келес қызмет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары әлеуметтік осал топтағы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың үйлерінде мұржа тазалау жұмыстарын бастады.
 
Аталған шара – қысқы мезгілде тұрмыстық өрт пен улы газдан улану қаупінің алдын алу, сондай-ақ әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға нақты көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Мамандар үйлерді аралап, пеш мұржаларын мұқият тазалап, ақауларды анықтау және қауіпсіздік ережелерін сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
 
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев тұрғындардың өмірі мен денсаулығы бірінші орында екенін атап өтіп, әрбір елді мекенде осындай алдын алу шараларын жүйелі түрде өткізу жөнінде тиісті бөлімдерге тапсырма берген болатын.
 
Әлеуметтік жауапкершілікті жоғары қойған коммуналдық мекеме өкілдері бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастырып, көмекке мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуді басты міндет деп санайды.