КЕЛЕС: АҚ ХАЛАТТЫЛАР РЕСПУБЛИКА КҮНІН АТАП ӨТТІ

КЕЛЕС: АҚ ХАЛАТТЫЛАР РЕСПУБЛИКА КҮНІН АТАП ӨТТІ
Келес ауданының орталығындағы Әшірәлі Кенжеев атындағы аудандық мәдениет үйінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Шараға ауданның медицина саласының қызметкерлері қатысып, мерекелік көңіл-күймен елдік мерейімізді айшықтады.
Мерекелік жиын Мемлекеттік Әнұрамен ашылып, қатысушыларға ерекше рух пен мақтаныш сезімін сыйлады.
Іс-шарада Келес ауданы әкімінің орынбасары Даурен Сариев сөз сөйлеп, ауданның денсаулық сақтау саласында табанды еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды мерекемен құттықтады.
— Республика күні – халқымыздың бірлігі мен ел дамуына қосқан еңбегін ұлықтайтын мереке. Денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әрқайсыңыздың еңбегіңіз – ел игілігі мен халық амандығының кепілі. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық береке және жаңа жетістіктер тілеймін! — деді ол өз құттықтауында.
Мереке аясында Абай аудандық ауруханасының 28 қызметкері “Төс белгімен” марапатталды. Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, елге үлгі болған зейнеткерлерге арнайы құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар, аурухана ұжымы мен кәсіподақ ұйымы атынан бірқатар медицина қызметкерлеріне “Алғыс хаттар” мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты шара соңында барлық қатысушылар естелік суретке түсіп, мерекелік көңіл-күймен тарқасты.