25 қазан – Республика күні мерекесі алдында Келес ауданында тағы бір қуанышты жаңалық болды. Қошқарата ауылдық округіне қарасты Ұшқын елді мекеніне табиғи газ берілді. Енді ауыл тұрғындары көптен күткен көгілдір отынды пайдалана алады.
Жалпы газ құбырының ұзындығы 9 шақырымнан асады, ал 184 үй газға қосылды. Салтанатты шараға Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, тұрғындарды жаңа игілікпен және Республика күнімен құттықтады.
— Бүгін Ұшқын ауылына үлкен қуаныш келіп отыр. Бұл – тұрғындар өмірін жақсартуға арналған маңызды жұмыс. Алдағы уақытта жол салу, мектеп тұрғызу сияқты істер де жалғасады. Барлығы халықтың игілігі үшін жасалып жатыр, – деді аудан әкімі.
Келес ауданы қайта құрылғаннан бері 23 ауылға табиғи газ жеткен. Енді Ошақты, Бірлік және Ұшқын ауылдық округтеріндегі 12 елді мекенге көгілдір отын жеткізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ газ және су жүйесі тартылған ауылдарда жол жөндеу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылады.