Келес аудандық «Абай» ауруханасында игілікті шара – ерікті қан донорларының акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараны Шымкент қаласындағы Қан орталығының мамандары арнайы келіп өткізді. Таңертеңнен бастап аудан тұрғындары мен медицина қызметкерлері қан тапсыруға белсенді қатысып, игі істен қалыс қалмады.
Акция барысында барлығы 68 адам қан тапсырып, өз еріктерімен өмір сыйлау мүмкіндігін пайдаланды. Донорларға жылы шәй мен жеңіл ас ұсынылып, алғыс хаттар табысталды. Мұндай бастамалар халықтың денсаулығын қорғауға және қоғамда мейірімділік пен жанашырлық сезімін арттыруға бағытталған маңызды шара болып табылады.
Қан донорлығы – тек қайырымдылық емес, өз денсаулығына да пайдасы мол әрекет. Мамандардың айтуынша, тұрақты түрде қан тапсыру ағзадағы қан айналымын жақсартып, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға және иммундық жүйені нығайтуға көмектеседі.
Келес аудандық Абай ауруханасының ұжымы мұндай ізгі шараларға әрдайым белсенді түрде атсалысып келеді. Олар тұрақты донор ретінде мұқтаж жандарға өмір сыйлап, кәсіби және азаматтық борышын адал атқарып жүр.
Шараны ұйымдастыруға атсалысқан барлық мамандар мен қатысушыларға зор алғыс білдіріледі. Осындай игі бастамалар арқылы қан тапшылығының алдын алып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады.