КЕЛЕСТЕ 4 ІРІ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

КЕЛЕСТЕ 4 ІРІ НЫСАН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Келес ауданында ағымдағы жылдың 9 айында құрылыс саласында ауқымды жұмыстар атқарылды. Аудан көлемінде жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен мәдениет ошақтарының құрылысы қарқын алып, жоспарланған көрсеткіштер толық орындалды.
Биыл индикаторлық жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарының жалпы көлемі 12,4 миллиард теңгені құрайды. Тұрғын үй саласы бойынша жылдық жоспар 28 300 шаршы метрді қамтиды. Ал, 9 айлық көрсеткіш бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 8 583,5 млрд теңгені құрап, былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 180,5% ға жетті. Сонымен қатар, тұрғын үйді пайдалану есебі бойынша 21705 шаршы метр болып, 107,1%ды құрады.
Қазір Абай ауылында 2 қабатты, 8 пәтерлі 22 тұрғын үй бой көтеріп жатыр. Құрылыстың екінші қабаты аяқталып, шатыр жабу жұмыстары жүргізілуде. Бұл үйлер бірнеше мердігер компаниялардың күшімен салынып, келер жылы ел игілігіне беріледі деп күтілуде.
Мәдениет саласында да жаңа нысандардың құрылысы қолға алынды. Жүзімдік ауылдық округінің орталығында 149 орындық мәдениет үйі, Абай ауылында жаңа буынды дамыту орталығы мен мұражайдың құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандардың барлығы 2026 жылға өтпелі.
Денсаулық сақтау бағытында ауыл тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында алты елді мекенде жаңа медициналық пункттердің құрылысы басталды. Бесқұбыр, 1-Мамыр, Көлтоған, Игілік, Достық және Атақоныс ауылдарында медициналық нысандар бой көтеруде.
Білім беру саласында алты елді мекенде жаңа мектеп салу жобалары дайындалған. Сонымен бірге, жастардың бос уақытын тиімді өткізу мен спортты дамыту мақсатында төрт ауылда спорт зал, ал Мақташы ауылында ұлттық спорт түрлеріне арналған кешеннің құрылысы жоспарланып отыр. Ошақты ауылында ангар типті спорт залының құрылысы да осы айда басталмақ.
Аудан аумағында заңсыз құрылысқа қарсы жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Тоғыз нысан бойынша заң бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қолданылған.
Биыл бірнеше ірі әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Абай ауылында заманауи спорт кешені, Біртілек ауылында 300 орындық, ал Ғ.Мұратбаев және Абай ауылдарында 600 орындық жайлы мектептер пайдалануға тапсырылды.