КЕЛЕСТЕГІ ІРІ ЖОБА: ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

КЕЛЕСТЕГІ ІРІ ЖОБА: ӨНДІРІСТІК АЙМАҚ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖҮРІП ЖАТЫР
Келес ауданында өндірістік парк құру жұмыстары басталып, өңірдің өндірістік әлеуетін дамытуға бағытталған нақты қадамдар жүзеге асуда. Абай ауылынан 10,0 гектар жер учаскесін бөлу ұсынысы Келес ауданы әкімдігі жанындағы жер бөлу комиссиясында қаралып, оң қорытынды берілді.
Қазіргі таңда аталған жерге жерге орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Жобамен Келес ауданы әкімінің орынбасары Сүлеймен Жылқыбаев танысты.
— Абай ауылында өндірістік парк құру – ауданның экономикалық дамуына тың серпін береді. Бұл жобаны уақтылы жүзеге асыру, инфрақұрылымды дайындау және кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау – негізгі міндеттердің бірі. Инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты артады, – деп атап өтті аудан әкімінің орынбасары.
Бүгінде, ЖК «Керуен» аукцион арқылы 2,0 гектар жер учаскесін сатып алып, жер бедерін тегістеу жұмыстарын толық аяқтады. Жалпы 20,0 гектар жер учаскесін аукционға шығару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өндірістік ғимараттар салуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлерге 9,0 гектар жер учаскесі 1,0 гектардан бөлініп ұсынылатын болады.
Қазіргі жоспар бойынша бір кәсіпкер үш ғимарат, ал екі кәсіпкер екі ғимараттан салуды жоспарлап отыр. Бұл жоба Абай ауылын жаңа индустриялық өңірге айналдырып, аудан экономикасына жан-жақты пайда әкелмек.