ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ: «УӘДЕ ЕМЕС, НӘТИЖЕ КЕРЕК!»

ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ: «УӘДЕ ЕМЕС, НӘТИЖЕ КЕРЕК!»
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығындағы бірқатар құрылыс және абаттандыру нысандарын аралап, жұмыстардың барысын қатаң бақылаудан өткізді.
Алдымен №13 колледж жанындағы жатақхананың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан аудан басшысы мердігердің жұмыс қарқынын төмен деп бағалап, кемшіліктерді сынға алды. Ол жөндеу сапасын арттырып, нысанды белгіленген мерзімде толық аяқтауды талап етті. Сонымен қатар ғимараттың айналасын абаттандыру жұмыстарын да міндеттеді.
— Халық күтіп отыр. Әрбір нысан – ауданның беделі. Сондықтан кім жұмысқа кірісті, сол жауапкершілікті сезініп, мерзімінде әрі сапалы орындасын. Уәде – сөз емес, нәтиже болуы керек, – деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.
Бұдан кейін Асан Қайғы көшесіндегі абаттандыру барысы тексеріліп, Рәміздер алаңының құрылысы қаралды. Мұнда да жұмыстардың мерзімінен кешіктірілгені анықталып, мердігерге бірқатар ескерту жасалды. Келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін айыппұл салынғаны атап өтілді.
— Сапа мен уақыт – басты өлшем. Бітпеген нысанға сылтау емес, нақты іс қажет. Егер жұмысты атқара алмасаңыз, орныңызды босатыңыз. Бізге қолға алған істі абыроймен аяқтайтын жауапты мердігерлер керек, – деп қатаң ескертті аудан басшысы.