КЕЛЕС: ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БАСШЫСЫНА ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

КЕЛЕС: ЖАҢА ПОЛИЦИЯ БАСШЫСЫНА ЖАУАПТЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ
Келес ауданы әкімдігінде өткен жиында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев Түркістан облысы Полиция департаментінің бұйрығымен тағайындалған жаңа полиция бөлімінің бастығы – полиция полковнигі Алмас Келдібекұлын ресми түрде таныстырды.
Әкім өз сөзінде жаңа басшының 25 жылдан астам тәжірибесі бар, түрлі қалалар мен аудандарда басшылық қызмет атқарған кәсіби маман екенін атап өтіп, оған бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.
Бірінші бағыт – қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіп. Аудан әкімі халықтың тыныштығы – басты басымдық екенін айтып, қылмыстың алдын алу, учаскелік полицияның тиімді жұмысын ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, полицияның ашықтығын қамтамасыз етуді міндеттеді.
Екінші тапсырма – шекара бекеттерінің алдындағы бей-берекетсіздікті реттеу. Келес шекара маңы болғандықтан, бекеттерде көлік кептелісі, заңсыз сауда, ретсіз қозғалыс сынды мәселелер жиі туындайды. Әкім бұл бағытта полиция, шекара қызметі және аудандық әкімдік бірігіп нақты шаралар қабылдауы қажет екенін айтты.
Үшінші міндет – индикаторлық көрсеткіштерді жақсарту. Қылмыс деңгейі, ашылу пайызы, профилактикалық жұмыс тиімділігі – бұл тек статистика емес, халық сенімінің өлшемі екенін атап, барлық көрсеткіштерді жақсартуды талап етті.
Төртінші тапсырма – «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоршаған ортаны ластаушыларға шара қолдану. Аудан басшысы кейбір кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардың өз аумағын таза ұстамай, көшелерді, өзен-көл жағалауын ластайтынын сынға алды. Полковник Мырзахметовке экологиялық құқықбұзушылықтарға қарсы тәртіптік шараларды күшейту жүктелді.
— Біздің мақсат – Келесті қауіпсіз, таза, тәртіпті ауданға айналдыру. Ол үшін полиция халықпен бірге жұмыс істеуі керек. Біз сізге қолдау білдіреміз, нәтижелі жұмыс күтеміз, – деп атап өтті жиын қорытындысында Жәнібек Ағыбаев.
Полиция полковнигі Алмас Мырзахметов жүктелген сенімге жауапкершілікпен қарайтынын айтып, аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін бар күшін салуға уәде берді.