Келес ауданында «Бірге тазартайық, бірге гүлдетейік» атты кең ауқымды экологиялық акция басталды. Аудан бойынша 11 қазан күні жалпы сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстарына мыңдаған тұрғын белсенді қатысты. Сенбілікке мемлекеттік органдар қызметкерлері, еңбек ұжымдары, кәсіпкерлер, волонтерлер, мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет және спорт саласының өкілдері белсенді атсалысты.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев та таңертеңнен сенбілікке қатысып, ағаш көшеттерін отырғызды.
— Тазалық – тек қоқыс жинау емес, бұл – біздің сана-сезіміміздің, мәдениетіміздің, туған жерге деген құрметіміздің көрінісі. Бүгін барлығымыз бір мақсатта бірігіп, туған мекенімізге жанашырлық танытып отырмыз. Егер әр үй, әр көше, әр ауыл үлес қосса, Келес ауданы расымен де тәртіп пен тазалықтың нағыз үлгісіне айналады. Бірлігіміз барда, ісіміз де берекелі болады, – деді аудае әкімі Жәнібек Есенұлы.
Сенбілік барысында көшелер, тротуарлар, аулалар, қоғамдық кеңістіктер тазартылып, арық жүйелері ретке келтірілуде. Арнайы техника көмегімен рұқсатсыз қоқыс үйінділері жойылып, аудан аумағы санитарлық тұрғыда ретке келтірілуде.
Сонымен қатар жасыл желектерді күтіп-баптау, жаңа ағаштар отырғызу, сауда нысандарының айналасын тазалау және маусымдық агротехникалық жұмыстар қарқынды жүруде.