КЕЛЕСТЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ДИКТАНТЫ БАСТАЛАДЫ

КЕЛЕСТЕ ҚАРЖЫЛЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ДИКТАНТЫ БАСТАЛАДЫ
Келес ауданында тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында жиын өтті. Онда Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті әзірлеген «Қаржылық қауіпсіздік бойынша республикалық диктант» жобасы таныстырылды.
Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жиынға төрағалық етіп, қазіргі таңда қаржылық алаяқтықтың көбейгенін айтып, азаматтардың қаржылық білімін күшейтудің маңызын атап өтті. Диктант 2025 жылғы 10–20 қазан аралығында өтеді, аудандық кезеңді 15 қазанға дейін ұйымдастыру жоспарланған.
Шараның мақсаты – азаматтарды қаржылық тәуекелдерден сақтандыру, алаяқтық схемаларды тануға үйрету және қаржылық мәдениетті қалыптастыру. Диктантқа мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік және жеке сектор қызметкерлері, қаржы саласының мамандары және кез келген қалаушы қатыса алады.
Қатысу онлайн тіркеу арқылы жүзеге асады, 25 минутта 20 сұраққа жауап беріледі. 16 және одан көп дұрыс жауап бергендер цифрлық диплом алады, қалғандары сертификатқа ие болады, ал үздік 10 қатысушыға бағалы сыйлықтар табысталады.
Жиын қорытындысында аудан басшысы Жәнібек Есенұлы барлық мекемелер мен ұйымдарды диктантқа белсенді түрде қатысуға шақырды. Бұл бастама елдегі қаржылық қауіпсіздікті нығайтуға, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде атап өтілді.