КЕЛЕСТІҢ 7 ЖЫЛДЫҒЫ: ЭСТРАДА ЖҰЛДЫЗДАРЫ ЕЛДІ ШАТТЫҚҚА БӨЛЕДІ
Келес ауданының қайта құрылғанына 7 жыл толуына орай мерекелік шаралар шеруінің шоқтығы биік кеші – «Келес Fest» атты гала концерт өтті.
Абай ауылындағы орталық стадион алаңында өткен бұл ерекше мәдени шараға аудан тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналды. Кештің шымылдығы аудан өнерпаздарының ән-шашуымен ашылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Салтанатты кешке Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев қатысып, аудан тұрғындарын құттықтады.
— Бүгінгі мерекелік концерт – тек қана өнердің мерейі емес, бірлігіміздің, жасампаздығымыздың айғағы. Келес ауданы қайта құрылған 7 жыл ішінде үлкен өзгерістерге, толағай табыстарға қол жеткізді. Бұл жетістіктің бәрі сіздердің еңбектеріңіздің арқасы. Әлі де ауданымыздың әлеуетін арттырып, жастарымыздың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек ете береміз, – деді аудан басшысы.
Одан әрі сахнаға еліміздің эстрада жұлдыздары көтеріліп, мерекелік кештің сәнін кіргізді. Кеш барысында Серік Ибрагимов, Ғазизхан Шекербеков, Асан Пердешов, Думан Марат, Бағлан Амангельдиев, Әли Өтенов, Есқара Бейбітов, Өзбекстан Республикасының эстрада жұлдызы Рустам Гаипов, Бағдат және Ақсұңқар көпшілікке әсем әндерін арнады. Әрбір өнерпаздың орындауы көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, үлкен қошеметке ие болды.
Мерекелік концерт ауданның рухани өмірін жаңғыртып қана қоймай, жастарға серпін, үлкендерге қуаныш сыйлады. Кеш соңында тұрғындар мен қонақтар сахна төрінде өнер көрсеткен әртістерге зор алғыстарын білдірді.

Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі