КЕЛЕС ӨҢІРІНІҢ ҚОС САҢЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНА АЛТЫН МЕН ҚОЛА СЫЙЛАДЫ

КЕЛЕС ӨҢІРІНІҢ ҚОС САҢЛАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ҚОРЖЫНЫНА АЛТЫН МЕН ҚОЛА СЫЙЛАДЫ
Қазақстан спорты үшін ерекше қуанышты күн болды. Әлемдік аренада ел намысын қорғаған қос спортшы — Келес өңірінің өрендері — Қазақстан қоржынына алтын мен қола медаль салды.
Алдымен, Ливерпуль қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем чемпионатында (50 келі) Санжар Тәшкенбай алтын жүлде иегері атанды. Финалда ол моңғолиялық Баттулга Алдаркишиді жеңіп, екі дүркін Әлем чемпионы мәртебесіне ие болды. Бұған дейін Санжар 2023 жылы Ташкентте өткен чемпионатта да алтыннан алқа таққан еді. Бұл жеңіс Қазақстан боксының әлемдік деңгейдегі биік беделін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Сондай-ақ, Хорватия астанасы Загребте күрес түрлерінен өтіп жатқан Әлем чемпионатында Асылжан Есенгелді 61 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге қол жеткізді. Жүлде үшін болған шешуші белдесуде ол АҚШ спортшысы Джексон Патрик Форестті тізе бүктірді.
Келестен шыққан қос саңлақтың табысы тек қана Қазақстан спорты үшін емес, туған өңірі үшін де зор мәртебе. Олардың жеңісі жас буынға үлгі болып, ел спортының халықаралық деңгейдегі абыройын арттыра түсті.