ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫ АРАЛАП, ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

ЖӘНІБЕК АҒЫБАЕВ ЖЫЛЫЖАЙЛАРДЫ АРАЛАП, ШАРУАЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев демалыс күндері аудан шаруаларымен кездесті. Әкім ең алдымен жылыжайларды аралап, олардың жұмысымен танысты.
Алдымен ол 1 Мамыр ауылындағы Бақытжан Абдиевтің жылыжайына барды. 2023 жылы іске қосылған бұл нысан 0,15 гектар аумақта орналасқан. Мұнда жыл сайын 13 тонна қызанақ пен қияр өндіріліп, 2,5–3 млн теңге таза пайда түсуде. Сондай-ақ, Жәнібек Ағыбаев 1 Мамыр ауылындағы Кудияр Рысбаевтың жылыжайына кіріп шықты. 0,15 гектар аумақта орналасқан жылыжайда жылына 14 тонна қызанақ пен қияр өндіріледі. Жоба құны – 16 млн теңге, пайдасы шамамен 8 млн теңгеге жеткен.
Одан кейін аудан әкімі Бесқұбыр ауылындағы Шолпанай Ахмедкулованың жылыжайында болды. 0,20 гектар аумақта орналасқан шаруашылықтан жылына 20 тонна өнім алынады. Жоба құны – 12 млн теңге, оның 8 млн теңгесі несие қаражаты. Орташа пайдасы – 6 млн теңге.
Әкім шаруалармен әңгімелесіп, олардың еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Ол жылыжай өнімін арттыруға және нарыққа тиімді жеткізуге аудан тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Сапар барысында аудан басшысы Қошқарата ауылдық округінде ауыл шаруашылығы санағының барысын да қадағалады. Аудан бойынша онлайн санақтан өтуі тиіс 6 051 агроқұрылымның бүгінгі күнге 4 924-і тіркеліп, орындалу көрсеткіші 81,3% болды.
Қошқарата ауылдық округінде 843 агроқұрылымның 700-і онлайн өтті. Ал қайтыс болған төрағаларға тиесілі 60 шаруа қожалығы мұрагерлері арқылы офлайн санақтан өткізіледі. Қалған 83 шаруашылықты тіркеу бойынша тапсырма берілді.
— Ауыл шаруашылығы санақтары толық әрі сапалы жүргізілуі тиіс. Бұл – саланың даму бағытын айқындайтын маңызды жұмыс. Сондықтан тапсырма 100 пайыз орындалуы қажет, – деді аудан басшысы.
Аудан басшысы ауыл шаруашылығын дамыту – елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті. Сол себепті жылыжай шаруашылығын қолдау, агроқұрылымдарды жүйелі тіркеу және олардың нақты әлеуетін анықтау – алдағы жұмыстардың негізгі бағыты болмақ.