КЕЛЕСТЕ ЖЫЛЫНА 80 МЫҢ ПАНЕЛЬ МЕН 1600 ТОННА САБЫН ӨНДІРІЛЕДІ

КЕЛЕСТЕ ЖЫЛЫНА 80 МЫҢ ПАНЕЛЬ МЕН 1600 ТОННА САБЫН ӨНДІРІЛЕДІ
Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауданда іске асқан бірқатар өндірістік жобалардың жұмысымен танысты. Алдымен аудан басшысы Абай ауылында орналасқан «Кенжеқұл» жеке кәсіпкерлігінің қабаттастырылған панель шығаратын цехына барды.
Бұл өндіріс орны 2020 жылы іске қосылып, құрылыс саласына қажетті жылу сақтайтын «Теплофасад» панельдерін шығарумен айналысады. Жобаның құны – 50 млн теңге, жылдық қуаттылығы – сұранысқа қарай 80 мың дана өнімді құрайды.
Мұнан соң аудан әкімі «SAF» жеке кәсіпкерлігінің шаруашылық сабын өндіретін цехының жұмысымен танысты. Бұл жоба 2018 жылдан бері жүзеге асырылып, қазіргі таңда жылына 1500–1600 тонна өнім өндіруге қауқарлы. Өндірістің жалпы құны – 100 млн теңге, жер көлемі – 0,10 гектар. Цехта 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын өнім сапасына ерекше мән беріп, 2024 жылы СТ-KZ тауардың шығу тегі туралы сертификат алған.
— Келес ауданында осындай өндірістік жобалардың дамуы – өңір экономикасына тың серпін береді. Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, сапалы отандық өнім өндіру – біздің басты мақсатымыздың бірі. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды тиімді пайдаланып, осындай кәсіпорындардың санын арттыруға жұмыс жасаймыз, – деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Бүгінде Келес ауданында шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіліп, жаңа өндіріс орындары ашылып келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындардың әл-ауқатын арттырып, аудан экономикасын нығайтуға жол ашуда.