Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөніндегі жиында «Қазыналы қария – Тең қоғам» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 2025 жылдың 8 айындағы жұмыстары қаралды.
2022 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталық биылғы жылы 654 зейнеткер мен 272 мүгедектігі бар азаматқа медициналық, психологиялық, құқықтық және спорттық қызметтер көрсеткен.
Қызмет алушыларға дәрігерлік кеңес, массаж, тұз шахтасы, спорттық жаттығулар ұсынылып, артериалдық қысымды төмендету мен дұрыс тамақтануға арналған тренингтер өткізілді. Сонымен қатар психологиялық қолдау, заңгерлік кеңес, интернет алаяқтықтан сақтану бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Мүгедектігі бар азаматтар курорттық-санаторий жолдамаларымен, протез-ортопедиялық және басқа да қажетті құралдармен қамтамасыз етілді. «
Egov.kz» порталы арқылы 245 азаматқа құжат рәсімдеу бойынша кеңес берілді.
Жиын қорытындысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға қолдау көрсету шараларын күшейтуді тапсырды. Жиын барысында Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппараты және аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралардың орындалуы туралы мәселелер де қаралды.