Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев жергілікті кәсіпкер Мейіржан Әбдімәліков пен Түркиядан келген инвесторларды қабылдады. Кездесуде ауыл шаруашылығы саласында жүзеге асырылатын ірі жоба – сыйымдылығы 10 000 бас мал бордақылау алаңы, жоғары технологиялық мал сою бекеті және ет өнімдерін терең өңдеу кешенін салу мәселелері талқыланды.
Жоба құны - 15 млн АҚШ долларын құрайды. Түркиялық инвесторлар тарапынан қаржы құю үшін кәсіпкерге жер телімін рәсімдеу қажеттілігі айтылды. Өз кезегінде аудан әкімі жобаға толық қолдау көрсетілетінін жеткізіп, жер мәселесі бойынша тиісті шаралар атқарылатынын атап өтті.
Аудан басшысы инвесторлармен бірге Бозай ауылдық округіндегі жоспарланған жоба аумағына барып, іс жүзіндегі жағдаймен танысты. Бүгінде жеке кәсіпкер 4 277 ірі қара мал, оның ішінде 1 500 асыл тұқымды «қалмақ сиыры», сондай-ақ 9 200 уақ мал өсіруде.
— Біз үшін ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының тірегі. Осындай ауқымды жобалар Келес ауданының дамуына тың серпін береді. Жергілікті кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар арасындағы әріптестікке қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз, - деп атап өтті аудан басшысы Жәнібек Есенұлы.
Жобаның іске асуы Келес ауданында жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экспорттық әлеуеттің артуына, ет өнімдерін өңдеу мен қайта өңдеудің дамуына және ауыл шаруашылығы саласының жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік береді.